Әлемдердің Жаратушысы Алла Тағала адамзатты жаратып, адам балаларын түрлі ұлттар мен ұлыстарға бөлді. Барлық адамзатты Алла Тағаланың жаратылысы деп танып, олардың ешқайсысын ұлтына, нәсіліне қарап бөлуге болмайды. Ешкім ешкімнен жоғары емес, адамның адамнан айырмашылығы – оның білімінде ғана болмақ.
Ұлтқа бөліну немесе қазіргі уақытта белең алып жатқан мәселелердің бірі руға бөліну, ол жақсылыққа алып келмейді. Соңы соғысқа жалғасуы мүмкін. Қай елді , қай ұлтты алсақта, халқы ең алдымен бейбіт өмірді, елінде тыныштық болғанын қалар еді.
Әр ұлттың әр тілді сөйлеуі де, халқының түсі әртүрлі болуы да – ұлтқа бөліну емес. Адам ата мен Хауа анамыздан тарайтындығын есімізге алсақ, қандай ұлт болмасын олардың шыққан негізі бір екендігін ұмытпаған жөн. Кімнің қандай ұлттан дүниеге келетіні Алла Тағаланың қалауымен болатындықтан, әр адам өз ұлтын жақсы көріп, оның тарихын, өзінің шыққан тегін білуі қажет. Мәселен ата-бабаларымыз «Жеті атасын білмеген жетесіз» деп, ұрпағына жеті атасын жаттатып өсірген. Бұл әркім өз атасының атын ұлықтап, бөліну үшін емес, кім қай атадан тарағандығын білу арқылы, адамдарды өзара жақындатып, туыстық пен бауырластықты одан әрі күшейту үшін үйретіледі.
Қазіргі уақытта әр елдің өзінің заңына сәйкес ұлтқа бөлінудің зардаптары да күшейіп барады. Себебі елімізде тыныштық пен ауызбіршілікті сақтау, этнос өкілдері бір бірімен татулықта болу басты назарда. Елімізде заң барлығына ортақ. Ұлтына , жасына, жынысына, әлеуметтік жағдайына, қызметіне, өмірлік ұстанымына, дініне, материалық жағдайына байланысты емес. Ел тарихындағы қоғамдық қарым-қатынастың тұрақты мемлекеттің қалыптасуына және салты мен дәстүрі сақталуына үлкен ықпал еткендігін ерекше атап айтқым келеді. Кез келген мәселе немесе дау туындаса оны бітімгершілікпен шешуге мүмкіндік бар.
Осы ретте этнос өкілдерінің татулығына көңіл бөлетін Қазақстан халқы ассамдлеясы жанында «Медиация кеңесі» жұмыс жасайды. Медиацияны екі арадағы қарым-қатынасты реттеу шарасы ретінде қарастыруды қазақ даласында, еларалық, мемлекетаралық және руаралық қарым-қатынастарда үлкен рөл атқарғандығын тілге тиек ету керек. Қазіргі таңда әр түрлі қауіптердің белең ала бастауынан көптеген елдердің этносаралық татулықтың маңызын түсіне бастағандығын алға тарту қажет. Сондықтан медиация Қазақстан үшін ғана емес, әлем үшін де маңызды болып табылады. Этносаралық дауларды ешқашан саяси мәселеге айналдыруға болмайды. Медиацияның дау-жанжалдарды өркениетті жолмен шешуге ықпал жасайды. Елімізде этносаралық бейбітшілікті сақтау – әлеуметтік, экономикалық, саяси даму туралы айтпағанда, қарапайым азаматтардың қалыпты өзара іс-қимылының басымдығы. Қазақстанда 2011 жылы қабылданған «Медиация туралы» заңда осы ұғымның мынадай мазмұны бекітілген: «бұл тараптардың ерікті келісімі бойынша іске асырылатын өзара қолайлы шешімге қол жеткізу мақсатында медиатордың жәрдемдесуімен тараптар арасындағы дауды (жанжалды) реттеу рәсімі». Осы орайда «ЕуроАзиялық медиация орталығы» ҚБ кәсіби медиаторлары белсенді жұмыс жасап келеді. Этносаралық қайшылықтар мен шиеленіскен жағдайлар – көбінесе олар жұртшылық тарапынан өте эмоционалды түрде қабылданады. Егер оларды жария талқылауға шығаратын болса, олар кең резонанс тұдыруы мүмкін және бір мәнді емес бағалануы ықтимал. Соттан тыс реттеу – жанжалға қатысушылар тараптарының моральдық, материалдық, сондай-ақ уақыт шығындарын барынша азайтатын, процестің өзіне және оның қатысушыларына барынша құпиялылыққа қол жеткізілетінінде, өйткені дау жариялы емес түрде қаралады. Этносаралық қайшылықтарды, жанжалдарды реттеу тұрғысынан медиацияның үлкен болашағы бар. Медиация практикасы – қоғамның кемелдену белгісі, азаматтық сана-сезімнің белгілі бір деңгейі.
Ата-бабаларымыз «Ынтымақ — елдің ырысы», «Байлық, байлық емес, бірлік – байлық», «Айтысқан ауыл болмас, болыспаған бауыр болмас» деу арқылы біздерді әрдайым ауызбірлікте болуға шақырған.
Әркім өзінің шыққан ата-тегін білу, Өзге ұлттарды төмен көрмеу, Өзгелерді бауырым деп білу әрбір адамның азаматтық борышы.
Лаура Мұратқызы АҚШЕГІРОВА, «ЕуроАзиялық медиация орталығы» ҚБ директоры, Шымкент қаласы ҚХА жанындағы медиация кеңесінің төрайымы
20.10.2023ж