ЭТНОМЕДИАЦИЯНЫҢ ҚОҒАМДАҒЫ РӨЛІН АРТТЫРУ — БАСТЫ МӘСЕЛЕЛЕРДІҢ БІРІ

Бүгін Шымкент қаласындағы «Достық үйі» ғимаратында қалалық «Қоғамдық келісім» КММ-нің ұйымдастыруымен «Шымкент қаласында этномедиацияны дамыту мәселелері» тақырыбында үш күндік семинар-тренинг жұмысы басталды.

Семинар жұмысы Шымкент қаласының ішкі саясат және жастар істері жөніндегі басқармасының басшысы Бахтияр Өнербаевтың сөзімен бастау алды.

Семинар-тренингке ҚХА жанындағы Медиация кеңесінің мүшелері, кәсіби және қоғамдық медиаторлар, Абай, Әл-Фараби, Еңбекші, Қаратау, Тұран аудандары әкімдіктері мен салалық басқармалардың, құқық қорғау органдарының қызметкерлері, этномәдени бірлестіктердің  өкілдері, жалпы саны 50-ден аса адам қатысуда.

Семинарды тренер-сарапшы, конфликтолог, «Парасат»  медиация және құқық орталығының  кәсіби медиаторы  Адаев  Мұхтар  Мұханұлы,  педогогика-психология  магистрі, тренер-коуч, практикалық  психолог, «Еуро Азиялық медиация орталығы» ҚБ-нің кәсіби медиаторы Қожахметова Гүлжан Бектайқызы жүргізуде.

Тренинг барысында «Этносаралық қақтығыстардың дамуының негізгі кезеңдері. Әлеуметтік-тұрмыстық жанжалдардың  этносаралық қақтығыстардан айырмашылығы, этносаралық қақтығыстардың шиеленісуіне ықпал ететін факторлар», «Этносаралық қақтығыстардың  анатомиясы. Қақтығыстардың түрлері (А,В,С), қақтығыстар  эскалациясының  сатылары, этносаралық қақтығыстардың даму фазалары», «Көпшілік  алдында сөйлеу және оған  жазбаша дайындық» (интерактивті пікірталас), «Әлеуметтік медиадағы коммуникациялық  менеджмент»,  «Шешендік өнер. Практикалық кейстерді талдау» тақырыптарында шағын дәрістер, талқылау-дискуссиялар, ой-пікірлерді қайта құрастыру бойынша практикалық  жұмыстар өтетін болады.

Айта кету керек, қазіргі кезде Шымкент қалалық ҚХА жанынан медиация кеңесі құрылған, құрамында 8 адам бар. Тоқсан сайын кеңестің мәжілісі өтіп отырады. Кеңесте қаралған мәселелер бойынша тиісті мемлекеттік мекемелерге ұсыныстар беріледі.

Сонымен қатар, бүгінгі таңда қалада 4 медиация орталығы жұмыс істейді. Орталық  медиаторлары сот  істерінде, құқық қорғау органдарының қызметінде белсенді әрекеттерін жүргізеді.

23.11.2023ж

Оставьте комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *