Бүгін Шымкент қаласындағы «Достық үйінде» медиаторлар мен учаскелік полиция қызметкерлерінің қатысуымен «Медиация – татулық тірегі» тақырыбында семинар өтті.
Қалалық ішкі саясат және жастар істері жөніндегі басқармасының «Қоғамдық келісім» мекемесі мен қалалық ҚХА жанындағы медиация кеңесінің ұйытқы болуымен өткен жиында этномедицияны дамыту бағытында жергілікті мамандардың білім-білігі мен тәжірибесін арттыру көзделген.
Семинарды қалалық «Қоғамдық келісім» мекемесінің басшысы Заңғарбек Үсіпахметов жүргізіп, медиацияны дамыту және негізгі міндеттер жайында баяндады. Қалалық ішкі саясат және жастар істері жөніндегі басқармасының бөлім басшысы – қалалық ҚХА хатшылығының меңгерушісі Айгүл Әмзеева кіріспе сөзінде этномедиация аясында атқарылар жұмыс ауқымын айтты.
– Мемлекет басшысының тапсырмасына сай ассамблея этномедиацияны дамыту ісіне барынша басымдық беріп келеді. IV тоқсанда қаладағы медиаторлардың және этнос өкілдерімен тікелей жұмыс істейтін жергілікті атқарушы және құқық қорғау органдарының қызметкерлерінің білім-білігін арттыру бағытында семинар өткізу жоспарда бар.
«Достық үйіндегі» медиация кабинетін «Этносаралық медиация орталығы» ретінде құрып, оның этномедиация бағытында нәтижелі жұмыс істеуін ұтымды үйлестіреміз. Және «Елдесу және татуласу» жобасы аясында белгіленген межелі міндеттерді іске асыратын боламыз, – деді хатшылық меңгерушісі.
Семинарда қалалық ҚХА жанындағы медиация кеңесінің төрағасы, «Еуразиялық медиация орталығы» қоғамдық бірлестігінің жетекшісі Лаура Ақшегірова, халықаралық деңгейдегі тренер-коуч, кәсіби медиатор Гүлжан Қожахмет баяндама жасап, медиация соның ішінде этномедиация әлеуеті туралы ақпарат беріп, өз тәжірибелерімен бөлісті.
Семинарда 5 тамыз – Медиация күніне орай, қалалық ассамблеяның жұмысына белсенді атсалысып жүрген медиаторлар Алғыс хатпен марапатталып, семинарға қатысушыларға сертификат табысталды.